Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Шу ауданының білім бөлімінің
«Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектебі» КММ

Ұлттың рухани байлығы – білімінде, ұстанар бағыты – тәрбиесінде, ал білім мен тәрбиенің сарқылмас бұлағының көзі – мектепте. Мектеп – білім мен талантты шыңдар білім ордасы.
Мектеп тарихы былайша сыр шертеді:
Бұл мектеп 1929 жылы құрылған
1935 жылы төрт жылдық бастауыш мектеп.
1942 жылы жеті жылдық орталау мектеп.
1958 жылы орта мектеп болған.
1975 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің аты берілді.
Жамбыл Облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектебі заман талабына сай келбеті мен білімі ұштасқан жалпы орта білім беретін мектеп.
Содан бері мыңдаған шәкіртке білімнің нәрін сеуіп, ұлт болашағының қалыптасуына сүбелі үлес қосып келеді. Өзіндік бағыт-бағдары, жетістігі мен дәстүрі қалыптасқан киелі мекен.
Мектептің негізгі ұстанымы — заман талабына сай жаңаша ойлайтын, әлемдік білім кеңістігіне бейімделген ұрпақ тәрбиелеу.
Бүгінде мектепте білім беретін 17 класс-комплект бар. 270 оқушы білім алып, 42 мұғалім жас ұрпақтың қанатын қатайтып, арманға жетелер жолына жолсерік болуда.
Мектеп ұжымы – білікті, тәжірибелі, жаңашыл ұстаздардан құралған.Ұжым құрамында тәжірибелі,білікті,шебер педагогтермен қатар, ізденімпаз, жаңашыл, креативті жас мамандар да бар. Ұстаздар үнемі біліктілігін арттырып, жаңа педагогикалық технологиялар мен цифрлық ресурстарды және жасанды интеллектіні оқу процесіне тиімді енгізіп келеді. Олар сапалы білім мен тәрбиені басты құндылық ретінде қабылдап, білім беру үдерісінің үздіксіз даму жолында аянбай еңбек етуде.
Мектепте оқу-тәрбие процесі Қазақстан Республикасының білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында түрлі үйірмелер, факультативтер, спорт секциялары жұмыс істейді. Ұстаздар мен оқушылар аудандық, облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорттық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Тәрбие жұмысы ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік пен адамгершілік тәрбиені қалыптастыруға бағытталған. Мектепте Алғашқы әскери дайындық (АӘД) пәні жүйелі түрде жүргізіледі. АӘД сабақтары барысында оқушылар әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеріп, саптық дайындық, азаматтық қорғаныс негіздері, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери-патриоттық тәрбие бағытында білім алады. АӘД пәні аясында әскери-патриоттық іс-шаралар, саптық байқаулар, «Жас сарбаз» қозғалысы, әскери бөлімдермен кездесу, оқу-жаттығу сабақтары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар оқушылардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттыруға және патриоттық сана қалыптастыруға ықпал етеді.
Мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Өзін-өзі басқару ұйымы», «Адал ұрпақ» клубы «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдары аясында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, әлеуметтік серіктестік дамытылған.
Мектеп кітапханасы оқу-тәрбие процесін қамтамасыз ету мақсатында оқу бағдарламасына сәйкес оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, көркем әдебиеттермен және анықтамалық басылымдармен толық қамтылған. Кітап қоры жыл сайын жаңартылып, білім алушылар мен мұғалімдердің сұранысына сай толықтырылып отырады.Кітапханада «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Балалар кітапханасы» бағдарламасы іске асырылады. «Кітаппен қанаттан» акциясы жүргізілуде.
Қазіргі таңда мектеп директоры – Абдикеримов Елдар Маликхановичтің жетекшілігімен мектептің білім сапасын арттыру, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету, мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Мектеп тарихында өздерінің киелі қолтаңбаларын қалдырған мектеп басшылары:
1956-1961 ж Уалиев Қосшыбай
1962-1979 ж Усікбаев Камал
1979-1991 ж Момусов Жұмақас
1991-1992 ж Алтаев Ермек
1992-2007 ж Текебаев Есенгелді
2007-2025 ж Смайыл Гауһар
2025 жылдың 23 маусымынан бастап Абдикеримов Елдар Маликханович мектеп директоры қызыметін атқаруда
Мектептің алғашқы түлектерінің бірі Сүттібаев Әбусан атаның естелік жазбасынан.
Мен 1928 жылы 7-8 жаста едім.1929 жылы осы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің орнында бұрын салынған еңсесі биік ,үлкен 4 бөлмелі мешіт болған еді.Ол мешітті Жақып әжі деген молда ұстаған .Бала оқытады екен.
1929 жылдың басында байлардың,ауқатты,кісілердің малдары,дүние –мүліктері тәркіленіп ,өздері аударылды.Осы жылы мешітті мектеп жасап, күзге қарсы бала оқыта бастады.Тек аты есімде Смағұл деген мұғалім болды..Сол кісіден мен ,Сүттібаев Әбуса,Қаныбетов Құлман , Үмбеталиев Ізбасар,Бақбергенов Қали,Көпжанов Кәней,Нұртаева Мәкен,Ахметова Қынтай барлығымыз оқыдық.
1930-1931 жылы Андасбай деген мұғалім оқытты.Сұмағұл да,Андасбайда сырттан келген еді.
1931 жылы елдің жағдайы нашарлай бастады.
1931-1932-1933 жылдардағы аштық қазақ халқының тарихындағы ең ауыр ,қаралы жылдар болды.
1934-1935 жылдары ел бірте-бірте есін жиып жоғалғанын түгендей бастады.
1934 жылы қазіргі Бәйдібек ауылының орнында артель құрылып кейін «Ақтөбе» колхозы болып аталды.
1934 жылы сол артелде өз ауылымыздың жігіті Өтебаев Шопаш мұғалім болып ,сол кісіден жоғарыдағы аты аталған балалар және Зәуір,Остай Әлмахан,Әлмағанбет деген балалар оқыды.Менде бірге оқыдым.
1935 жылы Теңдікте мен Құлман ,Кәней,Ізбасар 4-5 класс оқыдық.Сол мектептен Дайыров Бейсенбай,Омаров Сатыпалды,Түйебақов Жапар,Сазанбаев Байжұр,Сағындықов Әшімбек,Жазықбаев Рахым,Қыдыров Сиха ,Бөкеғұлова Зейтана,Мырзахметова Жұмакүл,Сәрсенбеков Олжабай,Демеуов Сансызбай,Айнақұлов Әбжәлел,Қарамолдаев Прим сияқтыұл-қыздар оқыды.
Бұдан кейінгі жылдары әрқайысымыз оқуымызды әр-жерде жалғастырып 8 класстық білім алдық.
1937 жылы қазіргі Төле би ауылында оқып жүрген жерімнен халық жауының інісі деген жаламен мектептен де ,камсамолдан да шығарылдым.1940 жылы армия қатарына алындым.Одан әрі соғыс басталып кетті.
Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектебінің мерей тойы жақындаған сайын менде сонау алыста қалған балалығымды ең бірінші аттаған киелі білім берген мұғалімдерімді ,достарымды сағына еске аламын.Біз көрген қиындықтарды кейінгі балалар көрмесе екен деп тілеймін.
Мектептің алғашқы түлектерінің бірі Абуев Бәкір атаның естелік жазбасынан
1934 жылы осы ауылдың мектебіне қабылдандым.Сол кезде менімен мына балалар оқыды.
- Әйтенов Сәтбек
- Әйтенова Сағи
- Мүсетаев Сабырбек
- Көпжанов Кәней
- Нұрбаев Жорғабай
- Байқұлбаев Сыдық
- Әлиев Жұмақан
Біраз балаларды ұмытып қалдым.
1934 жылы 1 сыныпта оқытқан мұғалімдеріміз Әубәкіров Ыдырыс,Сәдиев Жомарт,Жапсарбаев Сейпіл деген кісілер еді.Бастауыш мектепті ауылдан бітірдік.
1947 -1950 оқу жылындағы Ақтөбе жеті жылдық мектебінің мұғалімдері
- Қашқынбаев Нұрман
- Құсайынов Заит
- Ынтымақов Мырзабек
- Омарбаев Мырзабек
- Омарбаев Ысқақ
- Садиев Жомарт
- Руппель Александр
- Әміров
- Сағындықов
Мектептің алғышқы түлектерінің бірі Қасабаев Назар атаның естелік жа збасынан
1932-1933 жылдан өте қатал уақыттарда Буырлбайтал – Еспе аралығына тұз,балық жеткізу мақсатымен түйемен тасымал бастаған сондағы керегі ілесіп Мыңарал елді мекенінде бұрын арбша хат таныған,жасы 15-16 дағы Қасабаев Сәмидін мұғалімдер дайындайтын мектепте 2 жыл оқыған еді.Ол кезде Қостөбе бекет болатын.Сәмидін сол жерде қазақ үйге ,балаларды біріктіріп,балалар оқытуды ұйымдастырған. Сұңқар,Жиделі, Далақайнарда ашаршылықта қаңғып қалғандарды ,баспанасыздарды Ақботаев Сүйімбек бастаған алқа мүшелері бос үйлерге орналастырып ,сол жердегі орыстың тобының үйін мектепке айналдырды.
Көкем бұрынғы бастауыш мектепті орталау жеті жылдық етіп ұйымдастырды.Көкемнің басшылығымен 1937-1938 жылдары үш бөлмелі үй салынып интернат ұйымдастылыды.





